Павлодар облысының сәулет-қала құрылысы кеңесі туралы ереже

  1. Жалпы ережелер

 

  1. Павлодар облысы әкімдігінің жанындағы Сәулет-қала құрылысы кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Павлодар облысы қалалары мен аудандарының бас жоспарларын, аудандардың, қалалардың және елді мекендердің нақты жоспарлау жобаларын, аудандардың, қалалардың және елді мекендердің егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын іске асыруда жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті, жобаланатын объектілер мен кешендердің сәулет, сындарлы, инженерлік шешіміне қойылатын талаптарды арттыруды жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
  2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конститутциясын, Қазақстан Республикасының Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін және орталық және жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

 

 

  1. Кеңестің негізгі мақсаттары мен міндеттері

 

  1. Кеңес Павлодар облысы әкімдігінің бірыңғай қала құрылысы және сәулет саясатын жүзеге асыруы, облыс қалалары мен аудандарының аумақтарында инвестициялық-құрылыс қызметінде қолданылатын жобалардың сапасын арттыру мақсатында құрылған.
  2. Кеңестің негізгі қызметі неғұрлым маңызды қала құрылысы және сәулет жобаларын қарастыру және бағалау болып табылады.

 

 

  1. Кеңестің құрылымы және оны басқару

 

  1. Тақ саннан тұратын Кеңестің дербес құрамын Павлодар облыстық мәслихаты бекітеді және жеті адамнан кем болмауы тиіс. Кеңестің құрамына заңнамаға сәйкес Кеңеске жүктелген міндеттерді шешу құзыретіне жататын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ келісімі бойынша өзге ұйымдардың өкілдері кіреді.
  2. Павлодар облысының әкімі Кеңестің төрағасы болып табылады.
  3. Төраға болмаған кезде Кеңестің отырысын төраға орынбасары жүргізеді.
  4. Кеңес хатшысы Кеңестің ұйымдастырушылық жұмысын қамтамасыз етеді және дауыс беруге қатыспайды.
  5. Кеңестің кеңейтілген отырыстарына бекітілген құрамынан басқа, қосымша дауыс беру құқығы бар отандық және шетелдік сәулетшілер қоғамдастығының өкілдері, жобалау институттарының басшылары, мәселелердің тиістілігіне қарай және өз қызметінің бағыты бойынша мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылуы мүмкін.
  6. Егер отырысқа Кеңес мүшелерінің жартысынан астамы қатысқан жағдайда, Кеңестің шешімі құқылы деп есептеледі.
  7. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша Кеңес мынадай шешімдер қабылдайды және ұсыным жасайды:

1) жобаны бекітуге ұсыным жасау;

2) түзетулер енгізе отырып, бекітуге ұсыным жасау;

3) пысықтауға қайтарып беруге ұсыным жасау;

4) өзге шешімдер.

  1. Материалдарды келісуге дайындау жұмыстары тапсырыс берушілер мен инвесторлардың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

 

 

  1. Кеңестің құқықтары

 

  1. Кеңес өз құзыреті шегінде:

1) меншік нысанына және ведомстволық тиесілілігіне қарамастан жобалау ұйымдарынан, құрылыс салушылардан қарауға ұсынылатын құжаттаманың белгілі бір құрамын, сондай-ақ материалдарды қарау процесінде қажеттілігі анықталған қосымша ақпаратты, анықтамаларды, сызбалар мен есептеулерді сұратуға;

2) отырысқа мәселелерді дайындау немесе қарау процесіне қатысуы қажет жобалау ұйымдарының, құрылыс салушылардың, тапсырыс берушілердің, мердігерлердің және басқа да ұйымдардың өкілдерін шақыруға;

3) Павлодар облысы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелеріне сәулет және қала құрылысы қызметінің мәселелері бойынша жүгінуге құқылы.

 

 

  1. Кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

 

  1. Кеңестің төрағасы және мүшелері:

1) Кеңестің жұмысына қатысуға, объективті шешім қабылдау үшін қажетті материалдармен танысуға;

2) мемлекеттік немесе өзге де заңмен сақталатын құпия ақпараттан басқа, қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.

  1. Кеңестің төрағасы және мүшелері:

1) Кеңестің отырыстарына дәлелсіз себеп болмаса қатысуға;

2) жекелеген тапсырыс берушілердің мүдделерін қолдауға жол бермеуге міндетті.

  1. Кеңестің отырысын дәлелсіз себеппен жүйелі түрде қатыспаған немесе оның жұмыс тәртібін бұзуға жол берген Кеңестің мүшелері төрағаның ұсынысы бойынша Кеңестің құрамынан шығарылуы мүмкін.

 

 

  1. Кеңестің жұмыс органы

 

  1. Кеңестің отырысында кейіннен қарау үшін мәселелерді алдын ала пысықтауды жүзеге асыратын жұмыс органы «Павлодар облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып табылады.
  2. Жұмыс органы:

— Кеңестің қарауына материалдарды жинауды;

— отырыстың күн тәртібін дайындауды және хаттамаларды ресімдеуді;

— маңызды қала құрылысы проблемаларын талқылау үшін мамандарды белгілеу мен шақыруды;

— Кеңестің жұмыс органына жүктелген өзге де функцияларды орындауды жүзеге асырады.

  1. Кеңестің хатшысы жұмыс органының өкілі болып табылады.

 

 

  1. Кеңестің шешімдерді қабылдау тәртібі

 

  1. Кеңес өз қызметін қажеттілігі бойынша шақырылатын кеңейтілген отырыс түрінде жүзеге асырады.
  2. Кеңестің кеңейтілген отырысының құзыретіне заңды тұлғаның тапсырысы бойынша әзірленген жобаалды және жобалау құжаттамаларының барлық түрі бойынша қала құрылысы және сәулет шешімдерін қарау мәселелері кіреді және мыналарды қоса алғанда:

1) бас жоспардың қала құрылысы тұжырымдамасы және жалпықалалық бағдарламалар;

2) қалалар аумағының бас жоспарлары жобалары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары;

3) қалалардың аумақтарын функционалдық аймаққа бөлу, инженерлік және көлік дамуының жобалары;

4) облыс қалаларының даму аудандарында (мұндай аудандардың тізбесін Кеңес анықтайды) орналастыру көзделген ғимараттар (имараттар) және олардың кешендері құрылысының жобалары;

5) қоныстандыру және аудандық жоспарлау проблемалары, қала құрылысын дамытумен байланысты экологиялық мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді дамыту жөніндегі ұсыныстар;

6) республикалық және жергілікті маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіштерін қалпына келтіру жобалары;

7) сәулетшілердің, құрылыс салушылардың бастамашыл жобалау ұсыныстары.

  1. Жұмыс органы Кеңестің отырысы күн тәртібінің жобасын Кеңестің мүшелеріне отырысқа дейін бес күн бұрын хабарлауы тиіс.
  2. Кеңестің шешімі көпшіліктің ашық дауыс беруімен қабылданады. Тең дауыс берген жағдайда, Кеңес төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Төрағаның немесе Кеңес мүшелерінің үштен бір бөлігінің бастамасымен жекелеген мәселелер бойынша дауыс беру құпия болуы мүмкін.
  3. Кеңестің мүшесі авторы өзі немесе қатысу еншісі бар ұйым болып табылатын жоба бойынша шешім қабылдауда дауыс беруге құқығы жоқ.
  4. Кеңестің отырысына шақырылғандар оның қызметіне араласуға құқығы жоқ, белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
  5. Кеңестің шешімі хаттамамен ресімделеді.
  6. 27. Кеңес отырысының хаттамасы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға олар шешім қабылдаған кезде ұсыным ретінде жіберіледі.